СҚО-да заманауи қоспажем зауыты іске қосылды


ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат — Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы Новоишимка елді мекенінде қоспажем шығаратын роботтандырылған зауыт ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа кәсіпорынды іске қосу рәсіміне СҚО әкімі Құмар Ақсақалов пен «KAZMEAL» компаниясының бас директоры Дина Өтебаева қатысты.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, заманауи кәсіпорын жылына 360 мың тонна дайын өнім шығаратын болады. Елімізде бұған дейін қоспажем шығаратын осындай қуатты зауыт болмаған. Оның құрылысына, жабдығына 4 млрд теңге инвестиция тартылса, соның жартысы шетелдік қаржы. Зауытта 76 жаңа жұмыс орны ашылды. Дайын өнім экспортқа жөнелтіледі.

«Жыл сайын облыста 5,5 млн тонна астық өндіріледі. Бізде 4-5 санаттағы бидай бар. Зауыт осы 4-5 санатты бидай мен өңделген майлы дақылдардың қалдығынан сапалы қоспажем өндіретін болады. Бұл егістік алқаптарын әртараптандырудың арқасы. Кәсіпорынның болашағы зор. Өндірісті кеңейту жоспарда бар», — деді Құмар Ақсақалов.

null

Зауытта соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылған.

«Жабдық толығымен Қытайдан әкелінді. Сонымен қатар, біздің дайын өнімнің барлығы Қытайға сатылатын болады. Келісімшарт бар. Қытайлық серіктестермен алғашқы жобамызды іске асыратын аймақты ұзақ уақыт бойы таңдадық. Инвестициялық базаны, климатты, шикізат базасын, элеватордың болуын ескере отырып таңдау Новоишимка елді мекеніне түсті», — дейді компанияның бас директоры Дина Өтебаева.

Зауыттың ерекшелігі — қаптарды робот жүйесі арқылы арту. Қондырғы «Siemens» компаниясының жүйесі арқылы жұмыс істейді. Бұл әлемдегі электроника және цифрлы технологиялар саласындағы көшбасшылардың бірі.

Үздік технологиялар сапалы әрі қауіпсіз өнім алуға мүмкіндік береді. Зауытта азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ISO 22000 халықаралық сапа стандарты енгізілген.

null


Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/sko-da-zamanaui-kospazhem-zauyty-iske-kosyldy_a3529287”